Шымкентте карантин мерзімі 22 маусымға дейін ұзартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны  3,7% өскен

Фото: ашық дереккөзден

Қаланың бас санитар-дәрігері Әбдіманап Төлебаевтің шешімімен, Шымкентте карантин мерзімі мен шектеу шаралары 22 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қаладағы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 3,7% өсуіне байланысты карантин мерзімі жалғасады. Тұрғындардан қоғамдық орындар мен қалалық қоғамдық көліктерде және қызметі рұқсат етілген нысандарына барған кезде бетперделерді киіп, қолғаптарды киіп жүру талап етіледі. 

«Барлық базарлардың жұмыс уақыты сағат 06.00-ден сағат 19.00-ге дейін шектеліп, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 23.00-ге дейін бекітілді. Ал, сауда-ойын орталықтары мен кешендерінің, сауда үйлерінің аумағында орналасқан кинотеатрлар мен балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдары мен батут және фудкорттардың ашылуына әлі де тыйым салынып отыр», - деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен кеңселердің жұмысшылары жартылай қашықтан жұмыс істеу режимін жалғастыратын болды. Сондай-ақ, шомылу мен демалыс орындарында адамдардың шоғырлануына жол бермеу бойынша шаралар қабылдау міндеттелді. Той жиындар мен түрлі отбасылық шаралардың өткізілуіне рұқсат етілмей, жұмысын қайта бастаған нысандарға үнемі мониторинг жүргізу тапсырылды. Тәртіпке бағынбағандарға тиісті шаралар қолданылады.