Қарағандыда бұрынғы ауыл әкімі әріптесін зорлады деген күдікпен қамауға алынды
Бастапқыда соттың санкциясы бойынша оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген

Қарағанды облысында ауылдық округтің бұрынғы басшысы жас әріптесін зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы облыстық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның хабарлауынша, бастапқыда соттың санкциясы бойынша оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген. Алайда қадағалау органы сот алқасына жеке апелляциялық өтініш енгізді.
«Оны қарау нәтижелері бойынша өтініш қанағаттандырылып, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қарағанды облысында ерлі-зайыптылар бұрынғы ауыл әкімін қызымызды зорлады деп айыптады. Олардың айтуынша, университетті жаңа бітірген қыздары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдық әкімдікке жұмысқа орналасқан. Қызметке тұруға көмектескен — отбасының көптен бергі досы, сол ауыл округінің әкімі.