Қазақстандық таэквондошы әлем чемпионы атанды
Ол 65 келіден астам салмақ дәрежесінде үздік болды

Қазақстан құрамасының қоржыны кадеттер арасындағы әлем чемпионатында екінші алтын медальмен толықты. Бұл туралы Қазақстанның Таэквондо федерациясы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
65 келіден астам салмақ дәрежесінде «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК спортшысы Жантөре Сағынғали сенімді түрде жеңіске жетті.
Финалда ол украиналық спортшы Максим Шудженкомен күш сынасты.
«Сондай-ақ, «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК спортшылары Алла Цой (47 кг), Аида Гожалимова (51 кг) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлем чемпионы Хамзаальпер Ромашкин (61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) болған. Әлемдік біріншілікте 80 елден 811 жас таэквондошы күш сынасып жатыр. Жарыс 14 мамырға дейін жалғасады.