Қазақстанда небәрі 4 ай ішінде заңсыз айналымнан 3,5 тонна есірткі тәркіленді
Заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт табылды

Қазақстанда төрт айда үш мыңға жуық есірткі қылмысына қатысты заң бұзылғаны анықталды. ҚР ІІМ мәліметінше, осы аралықта 828 сату жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство дерегіне сүйенсек, заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 259 кг синтетика, екі тоннаға жуық марихуана, 303 кг гашиш бар. 83 есірткі зертханасы жойылды. Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталды. 1783 адам ұсталды, оның 669-ы қамауға алынды.
Сәуір айында бірқатар сәтті операция жүргізілгені анықталды. Қосшы қаласында Ақмола облысының тумасы ұсталды. Оның автокөлігінен 6,5 кг a-рvр синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Одан кейін жүргізілген іс-шаралар барысында басқа да күдіктілер - Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұсталды. Олардан тағы бір килограмм синтетика тәркіленді. Астана қаласында Ақтөбе тұрғыны ұсталды. Одан 2,5 кг синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.