СҚО: Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп, тасқын қаупі артты

Автор: Дәулет Ботагөз

Қауіпті белгіге жеткен жағдайда теміржол дамбасын шайып кету қаупі туындайды

Фото: ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейінің күрт көтерілуі жалғасуда. деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петропавл қаласындағы гидрологиялық бекетте соңғы тәулікте су деңгейі 22 сантиметргекөтеріліп, 1116 см-ге жеткен. Бұл — қауіпті шекке (1130 см) өте жақын көрсеткіш.

Төтенше жағдайлар министрлігі ескерткендей, қауіпті белгіге жеткен жағдайда теміржол дамбасын шайып кету қаупі туындайды. Бұл көлік инфрақұрылымына елеулі әсер етуі мүмкін.

Долматово ауылында да жағдай алаңдатарлық: мұнда су деңгейі тәулігіне 31 см көтеріліп, 1393 см-ге жетті. Бұл — 1430 см болатын қолайсыз деңгейге жақындап келеді. 1450 см-ден асқан жағдайда тұрғын үйлердің бір бөлігін су басуы мүмкін.

Мамандар су деңгейінің көтерілуін Сергеев су қоймасынан судың артық көлемде тасып өтуімен байланыстырып отыр. Келесі күндері су одан әрі көтерілуі мүмкін.

Төтенше жағдай қызметі тұрғындарды ресми ақпарат көздерін жіті қадағалап, сақ болуға және қажет жағдайда эвакуацияға дайын болуға шақырады.