$ 518.37  609.97  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Пандуссыз өмір»: Жетісуда әлеуметтік нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз болып шықты

Жергілікті билікке 30 миллион теңге бөлдіру міндеттелді

«Пандуссыз өмір»: Жетісуда әлеуметтік нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз болып шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Жетісу облысында прокуратураның араласуынан кейін әлеуметтік және мәдени нысандардағы қолжетімділік мәселелері анықталып, жергілікті билікке 30 миллион теңге бөлдіру міндеттелді. Бұл қаражат пандустарды жөндеуге және салуға, тактильді жолақтар мен көмек шақыру батырмаларын орнатуға бағытталмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Прокуратураның мәліметінше, өңірдегі 19 нысанға жүргізілген тексеру барысында мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімділік талаптары өрескел бұзылған. Нақтырақ айтқанда, бұл ғимараттарда пандустар, тактильді белгілер мен көмек батырмалары қарастырылмаған.

«Бүгінде ауданда 78 тұрғын әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына арнайы бейімделген қолжетімді инфрақұрылым арқылы ғана өте алады. Прокурорлық акт нәтижесінде осы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Анықталған заң бұзушылықтар үшін төрт мекеме иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 83-бабы 1-бөлігіне сәйкес (мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етпеу) жалпы сомасы 390 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Жетісу облысының прокуратурасы әлеуметтік әділеттілік пен қолжетімді ортаны қалыптастыруда заңнаманың талаптарын сақтау маңызды екенін еске салады. Мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндіктер ұсыну – өркениетті қоғамның басты белгісі.

Серіктес жаңалықтары