Сауда министрлігі қандай азық-түліктер арзандағанын айтты
Жұмыртқа, сүзбе, сары май, сиыр еті, тауық еті арзандады

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын бақылауды күшейтпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 2025 жылдың 22-29 сәуір аралығында ӘМАТ бағасының индексі 0,3% - ға өсті, ал бір апта бұрын өсім 0,4% -ды құрады.
«Есепті аптада өнімнің жекелеген түрлері: жұмыртқа 0,5%, сүзбе 0,2%, сары май, сиыр еті, тауық еті, сүт 0,1% арзандады», - деп жазылған Сауда министрлігінің хабарламасында.
Ұн, нан, рожки және күріш бағасы тұрақты.
Министрліктегі жиында сиыр етінің бағасы жеке талқыланды. Бағаның өсу қарқынын бір аптада 0,3% - дан 0,1% - ға дейін төмендету шаралары айтылды. Атап айтар болсақ ірі қара малды елден шығаруға енгізілген үш айлық тыйым мен делдалсыз ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін күнделікті өткізу жұмыстары пысықталды.
"Азық-түлік нарығындағы жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында шекарадағы бақылауды күшейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін рұқсатсыз әкетуге жол бермеу, сондай-ақ өңірлердегі жәрмеңкелер желісін кеңейту мәселелері де талқыланды", - деп жазылған хабарламада.
Сауда алаңдарының санын ұлғайту, оларды жылжымалы ветеринариялық зертханаларды қоса алғанда, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және делдалдардың қатысуынсыз жергілікті тауар өндірушілерді белсенді тарту бойынша ұсыныстар қаралды.
Кеңесте осындай жәрмеңкелер шеңберінде халық үшін өнімнің бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.