Соғыс жылдарында үзбей күнделік жазған жауынгердің қолжазбасы жарияланды

Автор: Аягөз Құрмаш

Солдат 4 жыл бойы бастан кешкенін күнделік қылып отырған 

Фото: https://astananews.kz/

1940 жылы әскерге кетіп, алдымен Финн соғысына, кейін ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан солдат Қайыржан Мұхтаровтың соғыс кезіндегі күнделігінің жазбасы жарияланды. Нағашы атасының соғыстағы хатын блогер Аршат Ораз көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жауынгер 1914 жылы дүниеге келген. Туған жері – Қазақстан, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой ауылы.

Ол соғыыстан кейін 1946 жылы үйленіп, 4 қыз, 1 ұл сүйген. 1998 жылы 84 жасында дүниеден өтті.

«1941 жылдың 21 маусым күні кешкі тамақтан кейін 15 адамды асханаға картоп тазартуға жіберді. Соның бірі мен едім. Картопты ертеңгі сағат 5-те тазартып болдық. Осы түні қабағымызды қаққанымыз жоқ. Сағат алтыда ертеңгі тамақты біздер (жұмысшылар) ішіп бола бергенімізде старшина велосипедпен келіп, бізді тревога арқылы көтеріп алып кетті. Келесі күні қала халқы қаланы тастап қаша бастады. Кішкене жас балаларды жетектеп әйел-еркектер құр қол, ешнәрсе алмай тылға қарап асығып-аптығып, үздіксіз кетіп жатты. 3-күні қаланы милициялар да тастап қаша бастады. Минск қаласы үздіксіз жанып жатыр», - деп жазған Қайыржан Мұхтаров.

Ол 1941 жылдан бастап 1945 жылға дейін бастан кешкен қиын күндерін күнделігіне жазып отыр. 

Жауынгердің соғыстың соңғы жылындағы күнделіктегі жазбасынан үзінді:

Австриядағы сарбаздық сапар

1945 жылы соғыстың соңғы кезеңінде мен Австрияда болдым. Вена қаласынан бастап, Вейнер-Нойнштад пен Терниц қалаларында әскери қызмет атқардық. Бұл елдің табиғаты таулы, көркем, адам баласының демалуына қолайлы аймақ екен. Халқы негізінен австриялықтар мен немістер. Өндірісі дамыған, тұрмыс деңгейі жоғары. Үйлері ұқыпты, халықтың мәдениеті жоғары деңгейде екені байқалады. Әйелдері мен қыздары көрікті, сымбатты келеді. Сауда орындары тұрмыстық заттарға, маталарға толы. Жол-көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған — теміржол мен шоссе жолдары көп. Сонымен қатар, вино мен сыра молынан кездеседі.

Венгрия туралы әсер

Венгрияда халық негізінен мадьярлар мен немістерден тұрады. Жер бедері тегіс, егіншілікке өте қолайлы. Бұл елде де вино мен сыра көп, дүкендеріндегі заттар жеткілікті. Тұрмыстары орташа, бірақ үйлері жақсы жабдықталған. Әйелдері мен қыздары тартымды, сымбатты келеді.

Румынияда өткен әскери кезең

Румынияда халық әртүрлі ұлттардан құралған: румындар, цығандар, мадьярлар. Трансильвания аймағы — таулы, ал Румынияның өзге бөліктері егістікке лайық жазық. Көптеген адам саудамен айналысады. Әйелдері мен қыздары көрікті, дегенмен жәлептік кең таралған. Тұрмыстық заттар жеткілікті болғанымен, баға қымбат.

1945 жылдың 10 тамызынан 8 қыркүйегіне дейін ПТР ротасында қызмет еттім. Брашов қаласына жақын маңда болдық. 8 қыркүйекте Брашовтың өзіне көшіріліп, 12 қыркүйекте ХПП госпиталіне жатқызылдым. Онда құлағымның түбінде қалған оқ жарығын алдырып, 22 қыркүйекке дейін емделдім. Кейін запасной офицерлер полкіне ауысып, елге оралуға дайындықты бастадық.

Госпиталь мен елге оралу жолы

Брашовтан Галац қаласына аттанып, 1945 жылдың 28 қазанында азық-түлік  пойызымен елге бет алдық. Маршрут бойында көптеген қала мен станциядан өттік: Галац – Бендеры – Биссоравка – Ренн – Раздельный – Косторный – Первомайск – Кироград – Знаменка – Кременчук – Полтава – Харьков – Купянск – Волуйка – Александрия – Лиский – Проворный – Саратов – Уральск – Илецк – Актюбинск.

10 қараша күні Ойыл ауданына жеттім. Үйге 13 қарашада аман-есен оралдым.