Астанада Алаш тасжолының бір бөлігі ішінара жабылады

Автор: Дәулет Ботагөз

Онда 12 мамырға дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Фото: Azattyq Rýhy

Астанада Алаш тас жолының бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты 8-12 мамыр аралығында көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жөндеу жұмыстары Алаш шоссесінің 191-ші көше мен 69-шы көше аралығындағы бөлігінде жүргізіледі. Жол қозғалысы екі бағытта да бір жақ бетпен қамтамасыз етіледі.

Астана қаласының әкімдігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге маршруттарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс сызбасындағы уақытша өзгерістерді ескеруге кеңес береді.

Жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі.