Қазақстанда шегірткеге қарсы күреске 50-ден астам агродрон тартылды
Мамандардың айтуынша, дрондардың көмегімен жұмыс жылдам әрі дәл орындалады

Ел аумағында шегірткеге қарсы күрес шаралары белсенді түрде жалғасуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, 2024 жылы зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары 3,1 миллион гектар жерді қамтыған. Бұл көрсеткіш бастапқы болжамнан 600 мың гектарға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңдеу жұмыстарына 423 бүрку техникасы жұмылдырылды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде егіс алқаптарының зақымдануына жол берілмей, шегірткелердің көршілес өңірлерге таралуының алдын алуға мүмкіндік туды. Бюджет қаржысынан үнемделген 694 миллион теңгеге 7 мониторинг дроны, 46 агродрон және 68 автокөлік сатып алынды», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.
Түркістан және Жамбыл облыстарында агродрондардың тиімділігі ерекше байқалды. Бұл аймақтарда дрондар шегірткелердің ошағын дәл анықтап, 1000 гектардан астам жер химиялық өңдеуден өткізілген. Мамандардың айтуынша, дрондардың көмегімен жұмыс жылдам әрі дәл орындалады.
Агродрондарды қолдану келесі 11 облысты қамтиды: Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Абай және Жетісу.