Демалыс орнында скейт зона, жаттығу және ойын алаңдары болады
Алматының Жетісу ауданында 16 гектар аумаққа жаңа саябақ салынбақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Айнабұлақ пен Көкмайса ықшамаудандарын байланыстыратын демалыс орнында скейт зона, жаттығу және ойын алаңдары болады.
Өткен аптада Жетісу ауданының әкімі саябақ құрылысының эскиздік жобасына қатысты қоғамдық тыңдалым өткізді. Оған тұрғындар өздері қатысып, ескертулер айтып, ұсыныстарын білдірген еді. Енді сол жобаға түзетілер еніп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалады.
«Қала әкімінің халықпен кездесуі кезінде тұрғындар өздері осы мәселені шешіп беруді өтінген еді. Содан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бізге тапсырма берді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлуді тапсырды. Осы жылдың шілде айында ол дайын болады», – деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.
Саябақ аймағының құрылысы 2021 жылы басталады деп жоспарланып отыр. 16 гектар жерге жасалатын сабақ, осылайша 2 ықшам ауданның арасын жалғайды.