$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ШҚО боксшылары Азия чемпионатында екі алтын алды

Чемпиондар елге оралды

ШҚО боксшылары Азия чемпионатында екі алтын алды
Фото: altaynews

Шығыс Қазақстан облысының жас боксшылары Шыңғыс Ахметов пен Темирали Темірбаев Амманда (Иордания) өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, елге оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy AltaiNews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл чемпионат алғаш рет World Boxing ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды және оған 18 елдің мықты спортшылары қатысты. Жарыс 15 және 17 жасқа дейінгі екі жас санатында өтті. Қазақстан құрамасы жалпы 44 медаль (16 алтын) иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Үндістан мен Өзбекстан командалары еншіледі.

Ел қоржынына алтын медаль салған Шыңғыс Ахметов пен Темирали Темірбаев – Шығыс Қазақстан облысы, Алтай қаласының спортшылары. Олар чемпионатқа дейін облыстық, аймақтық және республикалық кезеңдерден сүрінбей өтіп, ұлттық құраманың қатарына енген. Жарысқа дейін үш оқу-жаттығу жиынын өткізген.

«Бұл жеңістердің артында үлкен еңбек жатыр. Жеке жаттықтырушылардың, ата-аналардың, облыстық спорт басқармасының, федерациямыздың бірлескен жұмысының нәтижесі», — деді ШҚО жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Азамат Серікұлы.

15 жастағы Шыңғыс Ахметов үшін бұл — алғашқы халықаралық жеңіс. Бұған дейін ол тек республикалық жарыстарда бақ сынаған.

«Иорданияда үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеттім. Қарсыластарым Иордания, Украина және Иран елдерінен болды. Бұл менің алғашқы халықаралық жарысым еді, қуаныштымын. Боксқа жеті жыл бұрын келдім, енді арманым — әлем чемпионы атану», — деді жас чемпион.

Темирали Темірбаев жеңісін ата-анасына арнады. Оның айтуынша, жарысқа дайындық 1 сәуірден басталған.

«Алматыдағы Олимпиадалық резерв базасында жеке жаттықтырушым Серік Сәмбиевпен бірге дайындалдым. Әсіресе жартылай финалда үндістандық қарсыласпен айқас өте ауыр болды. Финал күні Алтай қаласында LED-экран қойылып, бүкіл қала бізге жанкүйер болды. Бұл – үлкен мотивация берді», — деді ол.

Қазір чемпиондар алдағы жарыстарға дайындалып жатыр. Мақсаттары — халықаралық аренада одан әрі биіктен көріну.

Серіктес жаңалықтары