Алматыда бірнеше үйді тонаған қылмыстық топ ұсталды
Олар — өзге өңірлерден келген, бұрын сотталған азаматтар
Алматыда жеке үйлерге ұрлыққа түскен қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ІІМ-ге сілтеме жасап.
Қалалық криминалдық полиция қызметкерлері Ақтөбе облысындағы әріптестерімен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында төрт күдікті қолға түсті. Олар — өзге өңірлерден келген, бұрын сотталған азаматтар.
Полиция мәліметінше, күдіктілер алдын ала дайындалған схема бойынша әрекет еткен. Иесіз қалған үйлерді бақылап, ішке кіріп, қымбат заттарды ұрлаған. Қылмыскерлердің кім екені бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы анықталған.
«Аймақаралық өзара іс-қимылдың арқасында күдіктілер ұсталды. Қазір олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр», — деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы Талант Исаев.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.