«Полиция әрдайым қастарыңызда»: су тасқынына күреске көмектескен баланың ата-анасы жауапқа тартылды (ВИДЕО)
10 жасар бала квадроцикл жүргізгені үшін кінәлі болды

СҚО-да су тасқынына күреске квадроциклімен көмектескен баланың ата-анасына 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балақайдың видеосын бірнеше күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жариялаған болатын. Алайда облыстық Полиция департаменті баланың квадроцикл жүргізгені үшін ата-анасына ірі көлемде айыппұл салды.
«Әлеуметтік желілерде СҚО Тепличное ауылында 10 жасар баланың бөгет басында квадроцикл айдап жүрген видеосы таралуда. Осы жағдайға байланысты түсініктеме береміз.
Оқиға кезінде 34 жастағы тұрғын баласын топырақ толы қаптарды тасымалдауға көмектесу үшін көлік басқаруға жіберген. Ниеті жақсы болғанын түсінеміз, ортақ іске үлес қосқысы келген. Алайда мұндай әрекеттер, ең алдымен, заңға қайшы және сонымен қатар баланың да, айналасындағылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Бөгетте арнайы техника, полиция, құтқарушылар және әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Бұл – қауіп жоғары аймақ», - делінген Полиция департаменті хабарламасында.
Полицейлер баланың квадроцикл жүргізгені үшін ата-анасына 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Ведомство қауіпсіздік талаптарына қатысты осыған дейін ескерту болғанын алға тартты.
«Осыған дейін де балалардың мұндай аумақта жүруіне және әсіресе техника басқаруына жол берілмейтіні туралы ескертілген болатын. Аталған дерек бойынша әкеге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл – жазалау үшін емес, келешекте қайталанбауы үшін қабылданған шара.
Су тасқыны салдарын жоюға белсене атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз. Полиция әрдайым қастарыңызда. Баршаңызды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік», - дейді тәртіп сақшылары.