«Ресей әлдеқайда үлкен әрі қуатты»: Трамп Ватиканда Зеленскиймен не туралы сөйлескенін айтты
Трамптың айтуынша Зеленский бейбіт келісімге келу үшін Қырымнан бас тартуға дайын

Сәуірдің 26-сы күні әйгілі Әулие Петр ғибадатханасында Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп кездесу өткізген. Осы кездесуде не туралы айтылғаны белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мен Зеленскийге бейбітшілік туралы келісімге қол жеткізе алатын болсақ, жақсы болатынын айттым, өйткені Ресей әлдеқайда үлкен әрі қуатты», - деді Трамп Fox News-ке телефон арқылы қатысқан азаматтармен кездесуінде.
Трамп Зеленскийдің бейбіт келісімге келу үшін Қырымнан бас тартуға дайын екенін жеткізді. Дегенмен Ресейдің Украина аймағын аннексиялауы соғысушы тараптар арасындағы келіссөздердегі негізгі келіспеушілік болып саналады, Зеленский Қырымнан бас тартатын келісімге қол қоймайтынын ашық айтқан.
Украина президенті АҚШ президентімен кездесуінде мүмкіндікті пайдаланып, ашық сөйлескен болуы мүмкін. Зеленскийдің пікірінше, АҚШ Путинге көбірек қысым жасағанда ғана орнынан қозғалады.
Бұған қоса, Трамп бұған дейін журналистерге Ватикандағы пікірталастың бір бөлігі АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуіне де қатысты екенін айтқан.
«Ол маған көбірек қару-жарақ қажет деді. Бірақ оны үш жылдан бері айтып келеді. Көрейік не болатынын. Мен Ресейге қатысты не болатынын көргім келеді. Өйткені Ресей... Олардың келіссөздерден кейін аймақтарға соққы бергеніне таң қалдым және көңілім қалды», - деді Трамп 24 сәуірде Киевке жасалған шабуылдарға сілтеме жасап.