$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ұлы дала жорығы»: он елдің жүзден астам шабандозы 500 шақырым жолды бес күнде шауып өтеді

9-14 мамыр арасында Алматы облысында дүбірлі дода басталады

«Ұлы дала жорығы»: он елдің жүзден астам шабандозы 500 шақырым жолды бес күнде шауып өтеді
Фото: gov.kz

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында биыл «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны Жеңістің 80 жылдығына орай өтетінін әрі дода алғаш рет толықтай Алматы облысының аумағында өтетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған шақырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәйге-марафон биыл қатысушылардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сынағалы отыр. Мерейлі халықаралық шараны ұйымдастыруға облыс әкімдігі мен «AMANAT» партиясы қолдау көрсеткен.

«Халықаралық бәйге-марафонды «JORYQ» ат спорты федерациясының басшысы әрі жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбеков Алматы облысы әкімдігіне бірлесіп ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірген. Ел руханияты үшін маңызы зор жобаны бірден қолдап, қолға алдық. Болашағы жарқын жобаның мазмұны терең әрі туризм саласын ілгерілетуге қосар үлесі зор. Бұл бастама біздің алға қойып отырған мақсаттарымызбен де үндесіп жатыр. Өңірімізге келетін туристер мен жарысқа қатысатын спортшыларға көрсететін көрікті жерлеріміз баршылық. Тіпті жоспарланған шараларды бес күнге сыйғызу қиынға соғып отыр. Сондықтан, бәрін егжей-тегжейлі ойластырып, барлық тарапқа тиімді болуын қарастырып жатырмыз. Әр шетелдік қатысушының қызығушылығы болашақта облысымызға шетелдік туристердің легін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», - дейді Марат Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, ат спорты – қазақтың қанында бар, ұлттың төл болмысы. Жастарды атқа баулу, жылқы жануарын тануға үйрету – ұлт жадында ат үстіндегі өмір сүру мәдениетін қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

«Дәстүрге айналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафоны 9-14 мамыр аралығында өтеді. Қазір бес күндік бәйгеге бірнеше шетелдік команда қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл – азамат пен қазанаттың қайрат-күші, ерік-жігері сыналатын үлкен дода. Шараның жоғары деңгейде өтетініне сенім мол. Жарысқа 10-нан астам елден, атап айтқанда, Түркия, Ресей, Мажарстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан және өзге де мемлекеттерден жүзден астам спортшы келмек. Біздің шабандоздар жарысқа қатысып қана қоймай, халықаралық әріптестік орнатып, өңіріміздің көрікті жерлерін қонақтарға таныстырады», - дейді ол.

Биыл халықаралық бәйге-марафон табиғаты көркем, тарихи орындарға бай Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарының аумағында өтеді. Шабандоздар бес күн ішінде 500 шақырым жолды еңсеріп, шын мықтыны анықтайды.

«Марафон аясында өтетін ауқымды шаралардың бірі – асыл тұқымды жылқылар көрмесі. Көрмеге келген халық еліміздегі ерекше жылқы тұқымдарымен танысып, жылқы шаруашылығының дамуына назар аудара алады. Марафон барысында қатысушылар күн сайын арнайы аялдамаларда аттарын суытып, тынығуға мүмкіндік алады. Сондай демалыс кезінде ұлттық ойындарымызбен танысып, қазақ халқының ұлттық киімдерін көре алады. Осылайша, бәйге тек спорттық дода ғана емес, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтатын, достықты бекемдейтін бірегей алаңға айналмақ», - дейді Марат Сұлтанғазиев.

Серіктес жаңалықтары