Түркістан облысында 12 мыңнан астам синтетика таблеткасын тасымалдағандар ұсталды (ВИДЕО)
Олар Алматы-Шымкент тасжолында ұсталды
Түркістан облысында полиция күдіктілерден 12 мыңнан астам трамадол таблеткасын тәркіледі. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрамында есірткі заты бар трамадол дәрілік препаратын сақтау мен тасымалдау дерегіне қатысты күдікті екі адамды анықтап, ұстады.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер Түлкібас ауданының Алматы-Шымкент тасжолында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары отырған Lada автокөлігін тоқтатты.
Аталған көліктің жүксалғышын тексеру кезінде трамадолдың 12 мыңнан астам таблеткасын тауып, тәркіледі. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.