Эссекстегі оқиға: мәйіттер табылған жүк көлігі контрабандалық автоколоннаның бір бөлігі болуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұм болған 39 адамның кім екені әлі анықталмаған

REUTERS/Peter Nicholls

Ұлыбританияда 39 адамның өліміне қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, марқұмдардың қатарында тек қытайлықтар ғана емес, Вьетнам азаматтары да болған деген күдік басым деп жазады BBC News.

Қазіргі таңда вьетнамдық полиция жоғалып кеткен азаматтардың туыстарынан ДНҚ үлгілерін алған.

Бұған дейін 5 күдіктінің ұсталғаны хабарланған болатын. Полиция олардың үшеуін кепілмен жіберілді. Олардың бірі Солтүстік Ирландия тұрғыны мен қалған екеуі Англияның Уоррингтон қаласының ерлі-зайыптылары – мәйіттер табылған жүк көлігінің иелері.

Ал, көлікті тізгіндеген 25 жастағы Мо Робинсон қамауда. Оған байқаусызда адам өлтірді, адам контрабандасымен айналысты және қаражат жымқырды деген айыптар тағылып отыр. Ол бүгін Челмсфорд қаласының сотында жауап береді.

Оқи отырыңыз: «Демалуым қиындап барады, өлетін сияқтымыз»: Англияда мәйіті табылған 39 адамның қай ел азаматтары екені анықталып жатыр

Қазіргі таңда полиция аталған жүк көліктің үлкен контрабандалық операцияның бір бөлшегі болуы мүмкін деген болжамын айтып отыр. Контрабандалық колоннада үш жүк көлігі – барлығы 100-ге жуық адам болуы мүмкін.

Қазіргі таңда мәйіттердің кім екенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың ешбірінде құжат болмаған. Сондықтан, сот-медициналық сараптама саусақ іздері мен ДНҚ үлгілері, ерекше жарақат белгілері арқылы анықтамақ.