ШҚО-да экологияға зиян келтірген қытайлық құрылыс компания 1 млрд теңге айыппұл төлейтін болды
Қытайлық компания сотқа шағым бергенмен сот өзгеріссіз қалдырды
Шығыс Қазақстан облысында экологияны бұзған қытайлық компания 1 млрд теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШҚО Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша Экология департаменті «СИНЬСИН Құрылыс және даму бойынша Қытай компаниясы» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнаманың бұзылғаны анықталды – ІІ санаттағы объектілерге экологиялық рұқсатсыз асфальтбетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін пайдалану фактілері тіркелді.
«2024 жылғы 21 қарашадағы инспектордың қаулысымен ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған қаулы ЖШС тарапынан Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданумен дауланды.
Соттың 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен ЖШС-нің кінәсі анықталып, 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тарап апелляциялық тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым түсірді, алайда 2025 жылғы 10 сәуірдегі апелляциялық инстанцияның қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.