Күдіктінің психикалық ауытқуы бар деген ақпарат пайда болды
Сенбіге қараған түні Канаданың Ванкувер қаласында филиппиндік қауымдастық ұйымдастырған көше фестивалі кезінде жол талғамайтын көлік тойлап жатқан адамдарды қағып кетті. Күдікті ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық полиция кем дегенде 11 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Жүргізуші қамауға алынып, оған адам өлтірді деген айып тағылды.
Филиппин қауымы өзінің ең маңызды мерекелерінің бірін – 16 ғасырда отаршылдарға қарсы күрескен Лапу-Лапу күнін тойлап жатқан. Оқиға кешкі сағат 8 шамасында болды.
Ванкувер полициясы бұл оқиғаның лаңкестік әрекет екеніне сенбейтінін айтты, өйткені терроризм екенін растайтын дәлел жоқ.
Жексенбі күні кешке жүргізушінің психикалық ауытқуы бар деген ақпарат пайда болды. Ол ұсталды, оның жасы – 30-да.
Күдікті көлігімен 100 км/сағ жылдамдықпен қалың топты соғып кеткені анықталды.