Заңсыз айналымнан 13,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді
Сәуір айында Қазақстанда өткен арнайы операциялар нәтижесінде заңсыз айналымнан 13,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп отыр. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірханның айтуынша, сәуір айында республика бойынша бірқатар сәтті операциялар жүргізілген.
«Нәтижесінде 37 есірткі сату және 37 сақтау фактісі әшкереленді; Заңсыз айналымнан 13,5 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, олардың құны қара нарықта 405 миллион теңгеге бағаланған; 29 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту арқылы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса мән беріп отырғанын мәлімдеді.