Қазақстанда МӘМС мәртебесіне қарамастан онкоскрининг өтуге болады
Онкологиялық скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізбесіне ресми түрде енгізілді

Енді қазақстандықтар онкологиялық ауруларға скринингтерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан өте алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтетін заңға қол қойды. Заң онкологиялық скринингтер мен есту аппараттарымен қамтамасыз етуге қатысты өзгерістерді қамтиды.
«Онкологиялық скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізбесіне ресми түрде енгізілді. Енді жас ерекшеліктері мен медициналық көрсеткіштерге сәйкес келетін барлық азаматтар скринингтен өте алады. Барлық тексерулер азаматтардың тіркелген емханаларында жүргізіледі», — делінген хабарламада.
Онкоскринингтер қандай тәртіппен өтеді:
- 40-70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет сүт безі обырына скринингтен өтеді. Маммография жасалады, қажет жағдайда УДЗ, нысаналы маммография немесе биопсия қосымша тағайындалады.
- 30-70 жас аралығындағы әйелдер төрт жылда бір рет жатыр мойны обырына тексеріледі. Бұл үшін цитологиялық жағынды (Пап-тест) алынады, қажет болса, кольпоскопия және биопсия жасалады.
- 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеруден өтеді. Алдымен нәжістегі жасырын қанды анықтауға тест жасалып, оң нәтиже көрсетсе, видеоколоноскопия мен гистологиялық зерттеу жүргізіледі.
Сонымен қата жаңа заңда есту қабілетін түзетуге мұқтаж адамдарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету тәртібі де өзгертілген. Енді тек мүгедектігі бар азаматтар ғана емес, есту қызметін жақсартуға мұқтаж басқа да пациенттер көмек ала алады.