Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық қыз-келіншек жатыр мойны обырына шалдығады
77 мың қызға жатыр мойны обырына қарсы екпе салынды

Елде жасөспірімдерді жатыр мойны обырына қарсы вакциналау шаралары жалғасып жатыр. Науқан басталғалы бері 77 мың оқушы қыз қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл иммундауға жататындардың 46 пайызы ғана. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі брифингте осылай деді.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елде 2 мыңға жуық қыз-келіншек осы дертке шалдығады. Оның 600 шақтысы көз жұмады екен. Мамандар аурудың алдын алу үшін уақтылы екпе салдырудың маңызы зор екенін ескертіп отыр.
«Былтыр Ұлттық иммундық күнтізбеге жатыр мойны обырының және қатерлі ісіктің басқа да түрлерінің қоздырғышы болып табылатын АПВ қарсы вакцинация енгізілген болатын. Елімізде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші орында және фертильді, яғни 25-44 жас аралығындағы әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі болып отыр», - дейді ҚР ДСМ Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.