Талдықорғанда Telegram арқылы есірткі таратып жүрген 18 жастағы жігіт бір айдан кейін ұсталды
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Ескелді ауданының тұрғынын ұстады
Талдықорған қаласында мефедрон таратты деген күдікпен 18 жастағы жігіт қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Ескелді ауданының тұрғынын ұстады.
Күдіктіні тексеру кезінде оның күртешесінің қалтасынан қызыл және сары түсті изолентамен оралған 24 түйіншек табылып, тәркіленді. Ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат болған. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл психотроптық зат – жалпы салмағы 14,97 грамм болатын мефедрон екені анықталды.
«Тергеу барысында жасөспірім Telegram мессенджері арқылы жұмыс туралы хабарландыруды көріп, ұсталғанға дейінгі бір ай ішінде есірткі жасырушы болып жұмыс істегені белгілі болды. Жылдам ақша табуға деген ниет оны ауыр салдарға алып келген.
Құқық қорғау органдары ескертеді: есірткі жасырушылар яғни «закладчик» сирек жағдайда ғана бірнеше аптадан артық жұмыс істейді. Заң қатал – есірткі таратқаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған», - делінген Жетісу облыстық Полиция департаменті хабарламасында.