«Жастар Рухы» белсенділері Ақтөбе облысында 800-ден аса тарихи ескертішке күтім жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспары қабылданды

Ақтөбе облысы «AMANAT» партиясының жанындағы Жастар Рухының төрағасы Әлішер Тыныштық президенттің «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспары қабылданғанын, осы бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспары қабылданып, жүзеге асырыла бастағанын мәлімдеді.
Президент ержүрек батырларымызды жадымызда сақтауға, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпауға шақырды», - дейді ол.
Сөзін жалғай отырып, «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері білек сыбана кіріскен жобалар туралы да айтып өтті.
«Жеңістің 80 жылдығына орай «AMANAT» партиясы Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіштерді, мемориалдық кешендерді абаттандыру бойынша ауқымды акцияны бастаған болатын. Бұл іс-шараға «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері білек сыбана кірісті. Осыған дейін біз партияластарымызбен бірге Ақтөбе облысындағы 800-ден аса тарихи ескертішке күтім жасадық.
Мәселен өткен аптада біз «Бауырластар зиратының» маңын тазартқан болатынбыз. Мұнда соғыс жылдары жараланып, ақтөбелік ауруханаларда көз жұмған 300-ге жуық кеңес жауынгері жерленген. Біз киелі орындардың айналасындағы қураған шөпті жұлып, шашылып жатқан қоқысты қаптарға салып, жан-жағын тап-тұйнақтай еттік. Бұл бабаларымыздың рухына құрмет көрсету деп білемін.
Сондай-ақ біз «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне қол ұшын созып келеміз. Қыста ардагерлердің ауласын қардан аршып, жазда ауланы күл-қоқыстардан тазартамыз. Сондай-ақ, азық-түлік әкелу, жиһаздарды тасымалдау сияқты жұмыстарға көмек көрсетеміз», - дейді Әлішер Тыныштық.
Сөз арасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жайлы, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы қозғап өтті.
«Президент атап өткендей, Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Ендеше сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды зор құрметпен есте сақтау парыз.
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толмақ. Біз, жастар, сол бір сұрапыл соғыс жылдары елі үшін кеудесін оққа тосқан батыр бабаларының ерлігін ұмытпай, жеңістің бағасын бағалай білуге ұмтыламыз. Отты далада қан кешіп, мұз жастанып, кейінгі ұрпағына бейбіт заман сыйлаған бабаларымыздың рухына қашанда тағзым етеміз», - деп сөзін қорытындылады.