«Адам өлтіру – жеңіл күнә» деген ақтөбелік қатты қателескенін кеш түсінді
Ол таныстарының біріне ислам діні радикализмге негізделгенін, діни себептерге байланысты қарулы шабуыл жасауға болатынын айтқан

Ақтөбе тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
50 жастағы ер адам өз ортасында экстремистік көзқарасты насихаттап, зорлық-зомбылықты дін тұрғысынан ақтауға тырысқан.
Тергеу мәліметі бойынша 2020 жылы ер адам құрылыста жұмыс істеп жүргенде радикалды идеологияға арбалып, таныстарын кісі өлтіру намаз оқудан бас тартуға қарағанда жеңіл күнә екеніне сендіре бастаған. Ол таныстарының біріне ислам діні радикализмге негізделгенін, діни себептерге байланысты қарулы шабуыл жасауға болатынын айтқан.
Сотталушы дінсіздермен, көп құдайшылдармен және Аллаға сенбейтіндермен күресуге шақырған. Сондай-ақ адам өлтіру намазды тәрк етуден жеңіл күнә саналатынын және діни парызын орындамаған жағдайда ұрып-соғып жазалау қажеттігін айтқан.
Басқа әйелмен әңгімелескенде ол Волгоград түрмесінде Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ лаңкестік ұйымының жақтастары адамдарды кепілге алып, мекеме қызметкерін өлтірген оқиғаны баяндаған. Ер адам Құдайға сенбейтіндерге қарсы зорлық-зомбылық жасап, әділдік үшін өзін құрбан ету керектігін атап өткен.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, қателескенін айтты. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.