Қазір іс сотқа жіберілді
Алматының Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қолына пышақ алып, жартылай жалаңаш күйде подъезде жүгіріп жүрген ер адам шошытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрда жартылай жалаңаш және мас күйінде қолында пышақ ұстаған ер адамның есіктерді қағып, адамдарды шошытып тұрғанын көруге болады. Тағы бір видеода ол лифт жолаушысына шабуыл жасамақ болған.
Көршілер полицияны шақырып, оны полиция бөлімшесіне алып кетті.
«Оның үстінен ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі және 434-бабының 1-бөлігі бойынша – қоғамдық орынға алкогольдік масаң күйде келгені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар жасалып, материалдар заңда көзделген тәртіппен шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, қазір полицейлер лифтінде болған оқиғаны анықтап жатыр. Барлық мән-жай анықталғаннан кейін шаралар қабылданады.