Абай облысында тасжолда 130-дан астам жүргізуші орташа жылдамдықты асырғаны үшін жазаланды
Тасжолда ZEREK-2» жүйесі іске қосылды

Абай облысында «ZEREK-2» жүйесі іске қосылғалы бері тасжолда 130-дан астам жүргізуші орташа жылдамдықты асырғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Полиция департаменті республикалық маңыздағы Омбы-Майқапшағай автожолында (Павлодар-Семей-Қалбатау учаскесі) орташа жылдамдықты тіркейтін «ZEREK-2» жүйесінің сегіз аркасы орнатылғанын еске салады.
«Жылдамдық режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Аталған кешен іске қосылған сәттен бері 130-дан астам құқық бұзушылық тіркелген.
Камераларды орнатудағы мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілердің мәдениетін қалыптастыру», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Айта кетейік, жолда орташа жылдамдықты арттырған жүргізушілерге 40 АЕК-ке дейінгі айыппұл салу туралы заң күшіне енгені хабарланған болатын.