«Асфальт қайда?»: әлемдік конкурстан жеңіспен оралған оқушы әзілімен жұртты күлдірді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқушыны анасы кіреберістен шашу шашып, қарсы алды

Фото: Видеодан скрин

Бельгияда өткен халықаралық баяншылар байқауынан жеңіспен оралған қазақстандық оқушы жұртты әзілімен күлдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқушыны анасы кіреберістен шашу шашып, қарсы алды.

«Мен бірінші орын алдым ғой, асфальт қайда?» - деп алдымен анасын күлдірді.

Анасы видеода әкімдікке көшесіне асфальт салып беруін сұрады.

«Ұлым Қазақстанның атын шығарып келе жатыр, дүние жүзінен бірінші орын алып. Шашу шашайын деп алдынан жүгіріп шықсам, көшеге асфальт төсемеген бе, мен келе жатыр, деп балам бір күлдіртті-ау. Асфальт салып беріңіздер әкімдік! Тек қана спорт емес мәдениетті де қолдау керек», - дейді оқушының анасы.

Айта кетерлігі, бұл Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің оқиғасына сілтеме жасалды. Тараз әкімдігі Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін Елдос Сметов тұратын көшеге асфальт төсеп бергені хабарланған болатын.