«Астана су арнасынан» хабарласып, SMS-код сұрайды»: алаяқтардың тағы бір айла-шарғысы анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ресми ұйым қызметкерлері ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайтынын білу маңызды

Фото: freepik.com

Соңғы уақытта алаяқтардың «Астана-РЭК» және «Астана су арнасы» атынан хабарласып, есептегіштерді ауыстыру қажет деген сылтаумен қоңырау шалуы жиілеп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, олар 1414 сервисінен келген SMS-кодты сұрайды. Міне осыдан кейін атыңызға несие рәсімделіп жатқанын айтады. «Несие рәсімделуінің алдын алу және қаражатыңызды қорғау» сылтауымен келесідей әрекеттерге сендіреді, барлық қаражатыңызды шешіп алып, Ұлттық банктің «резервтік шотына» аударуға, несие рәсімдеп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға, депозиттегі қаражатты шешіп алып, оны «арнайы қызметтерге» немесе «банкке» тапсыруды ұсынады.

Бұл әрекеттердің бәрі – алаяқтардың құрбандардың банк карталары мен депозиттеріне қолжеткізу үшін жасап жатқан амалдары, кейін олардан ақша алып немесе несие рәсімдейді.

«Ресми ұйым қызметкерлері ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды сұрамайтынын білу маңызды. Бұл кодтар құпия ақпарат болып саналады және оларды бөгде адамдарға айту сіздің қаражатыңыз бен жеке мәліметтеріңіздің таралып кетуіне әкелуі мүмкін.

Егер сізге қоңырау немесе хабарлама күдік тудырса, тиісті ұйымның қолдау қызметіне тікелей хабарласыңыз.

Астана қаласының Полиция департаменті сізден сақ болуды, сақтық шараларын сақтауды және ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды айтпауды сұрайды», - делінген ПД хабарламасында.