Қазақстанда Al Jazeera телекомпаниясының корпункті ашылады
Ертең Астанада Екінші Орталық Азия медиафорумы басталады

Қазақстанда Al Jazeera телекомпаниясының корпукнті ашылатын болды. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында ертең Астанада Екінші Орталық Азия медиафорумы басталатынын, ал бүгін осы форумға қатысу үшін келген Қытайдың CGTN медиакорпорациясының және хабар тарату жағынан әлемде көшбасшы саналатын Al Jazeera халықаралық телекомпаниясының басшыларымен кездескенін айтты.
«CGTN бас редакторының орынбасары Дин Юнмен медиа саласындағы ынтымақтастық перспективасын талқыладық. Атап айтқанда, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестіктің даму қарқынын кеңірек насихаттау мәселесіне айрықша мән берілді.
Біз өз тарапымыздан бірлескен тележобаны іске қосуды ұсындық. Мұндай бастама екі ел халқының өзара мәдени байланыстарын жандандыруға септігін тигізер еді.
Ал Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амримен және Al Jazeera English телеарнасының басқарушы директоры Исса Әлимен болған кездесуде журналистер мен басқа да салалық мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, тұмса табиғаты және қазіргі дамуы жөнінде сыр шертетін деректі сериялар түсіру туралы ақылдастық», - дейді Руслан Желдібай.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Әл-Жазирамен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
«Кездесуде Қазақстанда Al Jazeera арнасының тілшілер қосынын ашу мәселесін де көтердік. Медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстаса, Қазақстан және Орталық Азия өңіріндегі елеулі оқиғалар туралы қызықты ақпарат тарату мүмкіндігі кеңейеді деп санаймын», - дейді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.