Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарындағы контингентті ауыстырды
Сарбаздар алдыңғы құрамнан қызметті ресми түрде қабылдап алды

Қазақстандық бітімгерші сарбаздар БҰҰ-ның бейбітшілік миссиясы аясында Голан жотасындағы контингентті ауыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейінгі міндетін сәтті аяқтаған әскери қызметкерлер елге оралды, ал олардың орнын екінші құрам басты. Ротация рәсімі Фауар базасында өтіп, оған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қатысты.
«Қазіргі таңда жаңа контингент орналасу және инфрақұрылымдық жайғасу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, сарбаздар алдыңғы құрамнан қызметті ресми түрде қабылдап, БҰҰ мандаты аясындағы тапсырмаларды орындауға дайындық үстінде», — деп жазылған хабарламада.
Жаңа құрам командирі, подполковник Жәнібек Нұрланов, бітімгерлердің тиісті даярлықтан өткені және өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы атқаруға толық дайын екенін атап өтті.