Абай облысының оқушысы трекинг-камера ойлап тапты
Нұрәлидің өнертабысы үздік атанып, болашағы зор жоба ретінде танылды

Алматыда өткен «Kazakhstan Smart Space–2025» халықаралық байқауында 9-сынып оқушысы Нұрәли Амангелдиев бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысы білім басқармасына сілтеме жасап.
Абай облысы Жезкент кентіндегі мектеп-лицейдің оқушысы ғарыштағы нысандарды анықтап, олардың қозғалысын бақылап, лазер сәулесін дәл бағыттай алатын трекинг-камера ойлап тапқан.
Нұрәлидің айтуынша, бұл технология болашақта спутниктерді сымсыз қуаттандыруға немесе алыс ғарыштағы кемелер арасында энергия жіберуге көмектесуі мүмкін. Құрылғы IMU-датчиктері (гироскоп пен акселерометр) мен автофокус жүйесі арқылы дәл бағытты ұстап тұрады.
Оқушы өз жұмысын қағаз жүзінде емес, VR-таныстырылым түрінде ұсынған. Көрсетілімде лазер сәулесінің қозғалыстағы нысанға бағытталуы, фокустың өзгеруі және екі ғарыш аппаратының әрекеттесуі көрсетілді. Виртуалды модельді жасау үшін Python мен Unity бағдарламаларын қолданған.
«Көрермендер жобамды оқып қана қоймай, өздерін ғарышта жүргендей сезінсе деймін», — дейді жас өнертапқыш.
Нұрәлидің жобасы бірнеше елден келген қатысушылардың жұмыстарынан озып шығып, болашағы зор жоба ретінде танылды. Байқауға Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және БАӘ мен Франциядан өкілдер қатысқан.