Блогер Темірлан Еңсебек кінәлі деп танылды – сот үкімі жарияланды
Ол басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған музыкалық композицияны жазбасында қолданған

Instagram әлеуметтік желісіндегі Qaznews24 паблигінің авторы, блогер Темірлан Еңсебек кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы соттарына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы ұлттық араздықты қоздыру бабы (ҚК 174-бабы 1-бөлігі) бойынша қаралған қылмыстық іс Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында қаралды.
«Сот Темірлан Еңсебек 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшаның әкімшісі бола отырып, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге пост жариялағанын анықтады», - деп жазылған хабарламада.
Соттың мәліметінше мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталған.
Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Іс қарау барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот шешім шығарған кезде сотталушының бұрын сотталмағаны ескерілді, алайда ол өз құқыққа қайшы әрекеті үшін өкініш білдірмеген.
Осылайша, сот сотталушыны белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.