«Қазақ қараған жоқ»: Африка азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы көшедегі қысым туралы айтты (ВИДЕО)
Сұхбат берген Зайда Онуоро отбасы мен жақындарының көзқарасын да сөз еткен

Атырау тұрғыны Зайда Онуоро Африка азаматына тұрмысқа шыққаннан кейінгі өмірі жайлы Qazaq Airan YouTube арнасына берген сұхбатында ашық айтып берді. Оның сөзінше, тұрмысқа шығатынын естігенде анасы басында алаңдапты, дегенмен, кейін қызына қолдау көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Күйеуге шығатынымды естіген кезде анам «жұрт не дейді» деді. Мен жұртқа емес, өз бақытыма тұрмысқа шығайын деп жатқанымды айттым. Әкем де туыстардың алдында «қызым Африкаға кеткелі жатыр, бұл – оның таңдауы» деп, әңгімені тоқтатты», – дейді Зайда.
Алайда қыз өз сөзінде, қоғам қысымына ұшырағанын айтып берді. Оның айтуынша, күйеуімен көшеде жүргенде боқтық сөз айтып, тіпті ашық шабуыл жасағандар да болған.
«Шошқа, қазақ қараған жоқ, өлтіру керек, баласын құдыққа тастау керек» дегендер де болды. Жазбалардың көбі – ер адамдардікі. Әйелдер де «алқаш болса да қазақ болсын, өз қазағымнан таяқ жегенім жақсы» деп жазатын», – деді ол.
Пікір қалдырғандардың арасында шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын елге кіргізбеу, тіпті азаматтықтан айыру қажет деген ұсыныстар да айтылды.
«Шетелге тұрмысқа шықса, елге неге келеді? Қыз бұзылса – ұлт бұзылады, қазақ табылмады ма?» – деген пікірлер жиі кездесті.