Ақтөбеде үлескерлерден 421 млн теңге жинап алып, тұрғын үй салмаған компания басшысы істі болды

Автор: Асыл Арман

Облыс аумағында жалпы 11 проблемалық үлескерлік құрылыс бар

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақтөбеде «Жилище» құрылыс компаниясының төрағасы үлескерлерден 421 млн теңге жинап алып, уәде етілген тұрғын үйді салмаған. Оған қатысты қылмыстық іс 2 сәуірде сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, зардап шеккен 75 үлескер тұрғын үй құрылысына 421 млн теңгеден астам қаражат салған. Алайда, компания Ақтөбе қаласында 2 үйді салмаған.

«Облыс аумағында жалпы 11 проблемалық үлескерлік құрылыс бар, олар бойынша 745 жәбірленуші, залал – 5,6 млрд теңге.

Өткен жылы 5 құрылыс компаниясының басшылары 8 нысан бойынша қылмыстық жауапқа тартылып, 6 жылға сотталды.

Прокуратурамен, азаматтық тәртіпте соттарға 2 талап-арыз жолданды, яғни 159 үлескердің мүддесі үшін, сатып алу шарттарын жарамсыз деп танып, үлескерлердің пайдасына 2 млрд теңге өндіру талап етілген. Одан басқа, 600 үлескердің мүддесі үшін тағы 6 талап-арыз жолданады», - делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура органдары азаматтарды құрылысшылардан барлық рұқсат құжатын талап етуге шақырады, мысалы:

  • уәкілетті оператордың кепілдігі;
  • екінші деңгейлі банктің жобаға қатысуы;
  • тұрғын үйдің құрылысының толық даярлығы.