«Түрімді ұмытып қалыпты»: Тоқтар Серіков Алтынбек Қоразбаев туралы еш жерде айтпаған естелігін бөлісті

Автор: Алмас Ерсін

Балалардың бәрін жинап алып, соның ішінен мені іздеп отырыпты, дейді әнші

Фото: Instagram.com/toktar.serikov

Әнші Тоқтар Серіков  «Жақсы адамдарым» бағдарламасында ұстазы Алтынбек Қоразбаевтың өзін қалай іздеп келгенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

«Мынадай бір қызық оқиға болды. Көкем ол кезде Таразда тұрады. Көкем менен «Қай жақтың баласысың? Әке-шешең не істейді?» деп сұрады. Мен бір жылдан келемін, сен кетіп қалма деді. Сол бір жыл маған бір ғасырдай болды. Бір жыл өтті, көкем жоқ. Содан біздің мектепке бір хабар келді. Алтынбек Қоразбаев шәкірт таңдап жатыр, соған барасыңдар деді. Қуанып кеттім. Содан барсам, кісі көп. Әр мектептен оқушылар келіпті», - деп еске алды әнші.

Оның айтуынша, балалар біртіндеп шығып ән айтып, ұстаздың көзіне түсуге тырысқан.

«Менің кезегім келгенде амандасып, әнімді бастадым, көкем менің түрімді ұмытып қалыпты. Балалардың бәрін жинап алып, соның ішінен іздеп отыр екен. «Қара кемірді» айта бастап едім, атып тұрып, «өййй осы, мынау ғой» деді. Сөйтсем балалардың арасынан мені іздеп жүрген екен ғой», - деп түйіндеді әнші.