Ақтауда концерт кезінде жүзден астам бала жоғалды
Іс-шара барысында 40 азамат медициналық көмекке мұқтаж болды

«Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» мерекесінде 100-ден астам бала мен жасөспірім жағалауда адасып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
100-ден астам бала біраз уақыт ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Олардың барлығы арнайы дайындалған киіз үйге жеткізілді.
«Үлкені 15 жаста болса, кішісі әлі бесікарбада отырды. Қазір барлығы ата-анасына қайтарылды. Сахнадан ата-аналарға бала жоғалса, алдымен киіз үйге барып, сол жерден іздеу керектігі ескертілді. Жалпы, мұндай оқиғалар әр қоғамдық іс-шарада болып тұрады. Біздің қызметкерлер бұған үйреніп қалған», - деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, іс-шара барысында 40 азамат медициналық көмекке мұқтаж болды. Мерекеге 100 мыңнан астам көрермен жиналды. Сондай-ақ Ақтауда дрон шоуы өтті. Ақтау тұрғындары мен қонақтары әсіресе әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуын асыға күтті.