Ақтауға арнайы келген Димашқа ерекше сыйлық жасалды
Кешегі концерттен кейін маған сыйлық дайындаған әжеймен кездесу керек деп ой санамнан шықпай қойды, дейді Димаш

Әнші Димаш Құдайберген маңғыстаулық 87 жастағы қолөнершімен кездесіп, өзіне арнап жасаған шашақты сыйға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақтау әкімдігіне сілтеме жасап.
87 жастағы маңғыстаулық қолөнерші Шархат Төлемісова сыйлықты тапсыру үшін «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» фестивалінің ашылу салтанатына арнайы келді.
«Димаш – өзіміздің баламыз. Ақтауға келеді дегенді естіген соң, "неге бір тал шашақ байламасқа?" деп ойладым. Сондықтан кездесіп, домбырасына өз қолыммен тағуды жөн санадым», - дейді Шархат әжей.
Бүгін Димаш қолөнершімен кездесіп, арнайы сыйлықты алды.
«Әлеуметтік желіден әжеміздің маған арнайы шашақ жасағанын оқып білдім. Кеше концерттен соң әжемізбен кездесе алмағаным ойымнан кетпеді. Бүгін ағаларыма айтып, арнайы кездесіп отырған жайым бар», – дейді Димаш.
Өнерпаз Димаш әженің қасына еріп келген 10 жасар шөбересіне алқасы мен жүзігін сыйға тартты.
«Елдің де, ердің де тілеуін тілеп отырған ана болғандықтан, қазақты әлемге танытып жүрген осы балама арнайы шашақ жасап, оны тапсыру арманым еді», – деген қолөнерші Димашқа ақ батасын берді.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» фестиваліне қатысу үшін кеше қалаға арнайы келді.