АҚШ-та тұрғын үйге ұшақ құлады: тірі қалғандар жоқ
Ал үйде болған тұрғындар дер кезінде эвакуацияланды

АҚШ-тың Миннесота штатына қарасты Бруклин-Парк қаласында шағын ұшақ тұрғын үйге құлап, борттағы барлық жолаушы көз жұмды. Алайда үйде болған тұрғындар дер кезінде эвакуацияланып, зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy NBC News-ке сілтеме жасап.
Федералды азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, апатқа ұшыраған ұшақ – SOCATA TBM7 үлгісіндегі әуе кемесі. Ол Айова штатындағы Де-Мойн халықаралық әуежайынан ұшып шығып, Миннеаполис маңындағы Анока-Блейн округінің әуежайына бет алған.
«Апат жергілікті уақыт бойынша 12:20-да болған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда отқа оранған үй мен көкті торлаған қара түтін көрінеді. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», — делінген хабарламада.
Құлау себептері әлі белгісіз. АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі мен FAA апаттың мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Тергеушілер ұшақ қалдықтарын зерттеп, ұшу деректерін және авиадиспетчерлермен болған әңгімені талдайды.