«AMANAT» партиясының отырысында Қазақстандағы тұрғын үй мәселесін шешу жоспарлары қаралды
Өткен жылы 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1,5 мың тұрғын үй сертификаты табысталды

Қазақстанда тұрғын үй мәселесі жүйелі проблемаға айналды, оны әдеттегі әдістермен шешу мүмкін емес. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 658 мың азамат тұр, өкінішке қарай бұл сан жыл сайын өсуде. Оның ішінде 256 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топтардың өкілдері. Мемлекеттік ауқымды бағдарламалар олардың қажеттілігін толық қамтуға қауқарсыз. Осы орайда «AMANAT» партиясының жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселесі өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.
«2019 жылы тұрғын үй кезегінде 552,5 мың азамат тұрса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 658 мың адамға жетті. Оның ішінде 256 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл санап өсуде. Мұндай статистика тұрғын үй қолжетімділігінің жақсармай, керісінше күрделене түскенін көрсетеді. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар бұл азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, олардың баспана жағдайын жақсарту үшін бірлесіп жұмыс атқаруы керек», – деді ол.
Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғын үйді үлестіру жүйесін жаңғырту және мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру қажеттігін баса айтты.
«Біздің сайлауалды бағдарламамыздың жүзеге асырылуы елдің түкпір-түкпіріндегі халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартты. Өткен жылы 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1,5 мың тұрғын үй сертификаты табысталды. Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға 4,5 мың жалдамалы пәтер беріліп, үлескерлер мәселесі шешіліп жатыр. Осылайша, партия сапалы баспананың қолжетімділігін кезең-кезеңімен арттыруда. Біздің негізгі мақсатымыз – қала мен ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау. Бұл бағытта құрылыс нормалары мен ережелерін біріктіріп, қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ететін Құрылыс кодексі әзірленіп жатыр», – деді ол.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адамды сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов 2025 жылғы республикалық бюджетте 5 139 пәтерді сатып алуға 71,9 млрд теңге, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй төлемдері үшін 11 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеді.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары мен азаматтарды қолдау тетіктері туралы айтты.
«2019 жылдан бері «Отбасы банк» мемлекеттік бағдарламалар аясында 826 млрд теңгеге 79 мыңнан астам несие берді. Оның ішінде әлеуметтік баспана алуға 2% және 5% мөлшерлемемен несие рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Банк цифрлық мүмкіндіктер мен бірыңғай есепке алу базасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл баспана алу процесін оңтайландырып, қаржылай қолдау бағдарламаларына қолжетімділікті жеңілдетеді», – деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов табысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға кешенді әлеуметтік қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. 2025 жылы республикалық бюджеттен бұл мақсаттарға 5,98 трлн теңге бөлінеді.
Кеңес мүшелері сондай-ақ өңірлердегі құрылыс және тұрғын үйді үлестіру жағдайын қарастырды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 11 несиелік тұрғын үй салынып жатыр, оның 9-ы – 856 пәтерден тұратын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлытау облысында өткен жылы 272 отбасы жалдамалы баспанамен қамтылды, тағы 30 отбасы «2-10-20» бағдарламасы бойынша үй сатып алды. Ал Шымкентте биыл «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы кезекте тұрғандарға 2200-ден астам пәтер беру жоспарланған.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар кейбір өңірлерде кезекте тұрған азаматтар саны мен тұрғын үй беру көлемі арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өтті. Алматыда 40 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрса, соңғы екі жылда тек 8129 азаматқа пәтер берілген. Ұлытау облысында 6 мыңға жуық адам кезекте тұрса, бір жыл ішінде небәрі 300 пәтер бөлінген. Бұл көрсеткіштерді ескерсек, түбегейлі шаралар қабылданбаса, тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін болмайды.
«Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңнан астам, ал Шымкентте 52 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Мұндай жағдайда азаматтар жылдар бойы баспанасын күтуге мәжбүр болады. Біз бұған жол бере алмаймыз. Халық нақты нәтиже көргісі келеді, жалаң есептерді емес», – деді Берік Бейсенғалиев.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес тиісті министрліктер мен әкімдіктерге нақты ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына қаржыландыру көлемін ұлғайту, тұрғын үйді есепке алу және үлестірудің цифрлық құралдарын жетілдіру, сондай-ақ тиімділіктің нақты көрсеткіштерін әзірлеу ұсынылды. Кеңестің жұмыс топтары осы тапсырмалардың орындалуын тұрақты түрде бақылап, келесі отырыста аралық нәтижелерді ұсынатын болады.