Шымкентте палаудың қырыққа жуық түрі әзірленді
Шымкент қаласында өткен палау фестиваліне Алматы, Ташкент қалаларынан арнайы келген аспаздар қатысты

Бүгін Шымкент қаласында өзбек этномәдени орталығы ұйымдастырған «Достық дастарханы» деп аталатын палау фестивалінде 37 аспаз өзара бақ сынады. Олардың көпшілікке тарту еткен тағамдары құрамы мен дәмі, безендірілуі жағынан сан алуан. Мәселен, фестивальде «Бәйтерек», «Хорезм», «Әндіжан», «Ташкент», «Фестивальный» палаулары әзірленді.
Байқауда бақ сынаған аспаздар ішінде ұйғыр, беларусь, орыс ұлтының өкілдері бар. Солардың бірі алматылық Артем Самородов.
«Палау пісірумен айналысып жүргеніме 1,5 жыл болды. Бұған дейін тек өз асханамда пісіргенмін. Бұл байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Білуімше, фестиваль бірінші жыл өткізіліп отырған жоқ. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жанымдағы аспаздар да білетінін айтып, сәбізімді турауға көмектесті. Мен үшін жақсы тәжірибе алмасу болды. Өзім кәсіби аспаз емеспін. Сондықтан кәсіби мамандардың кеңесін тыңдадым. Келесі жылы да қатысуға тырысамын. Палаудан өзге ет асып, кәуап пісіре аламын. Тағамның осы түрінен де жарыстар өтсе, шақырыңыздар», - дейді ол.
Палау фестивалінде көпшіліктің көңілінен ерекше орын алған «Фестивальный» палауы болды. Безендіруі мен дәмі жағынан ерекше болған палаудың бұл түрін жергілікті мейрамхана аспазы Шаира Карабаева дайындаған.
«Бұл палаудың құрамында 7 түрлі дақыл бар. Мәселен, асқабақ, өрік, ащы бұрыштармен, тәтті жеміспен жасалған палаулар бар. Диета ұстайтын азаматтар мен майлы палауды ұнататын адамдарға да жеуге ыңғайлы палаулар жасап қостық. «Бұқара», «Жизақ» палауы да бар», - дейді кәсіби аспаз.
Бес азаматтан құралған қазылар алқасы аспаздар әзірлеген палаулардан дәм татып, 7 мен 10 балл арасында жазылған қағаздарды әрбірінің тұсына қойып, бағалап шықты. 9 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын палау фестивалі демеушілердің қаржыландыруымен өткізіліп келеді.
Арай Есенбек, Шымкент