Таразда алаяқтық жолмен 15 млн теңге тапқан адам 6 жылға сотталып кетті
Енді ол жазасын қауіпсіздігі аралас мекемеде өтейді

Таразда алаяқтықпен айналысып, өзгенің 15 млн теңгесін алдап алған адам сотталып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тараз қаласының тұрғыны өзінің танысын оңай олжамен қызықтырып, 15 миллион теңгесін қағып алған.
Ол апатты жағдайда тұрған ғимаратты қайта рәсімдеп, жекешелендіріп беруге уәде етіп, жәбірленушінің сеніміне кірген. Қолма-қол санап берген қомақты қаражаттан кейін, күдікті түрлі сылтаулар айтып, жеті ай бойы танысын сендіріп келген. Алайда уақыт өте келе ғимараттың мүлде басқа адамның атына рәсімделіп кеткенін естіген жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болды.
Жүргізілген тергеу нәтижесінде алаяқтың қылмысы дәлелденіп, сот үкімімен ол алты жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі аралас мекемеде өтейді.
Сонымен қатар сот шешімі бойынша жымқырылған 15 миллион теңгені, 3,5 миллион теңге тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өтеп беру міндеттелді.