Наурыз ҰБТ-сы: 43 адам телефонмен және шпаргалкамен ұсталды, 55-і аудиториядан қуылды
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеме жасады
Наурыз айындағы ҰБТ-ның үш аптасында 88 мыңға жуық адам тест тапсырды. Шекті балды 72%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 65 балды (бес пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 139, оны Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында оқитын 2 талапкер жинады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тестке қатысушылардың 70,7%-ы қазақ тілінде, 29,2%-ы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
«Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,1%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14,8%-ы «Биология-Химия», 12,6% «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 105 адам тапсырған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 232 талапкер қатысты.
Қазіргі таңда 121 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 43 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 55 адам шығарылды, ал 23 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ», - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.