Александр Лукашенко жетінші рет Беларусь президенті қызметіне кірісті

Автор: Дәулет Ботагөз

Минскіде ұлықтау рәсімі өтті

Фото: president.gov.by

Минскіде Беларусь президенті болып қайта сайланған Александр Лукашенконың ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «БелТа» агенттігіне сілтеме жасап.

Рәсім Тәуелсіздік сарайының ең үлкен залында өтті. Оған 1100-ден астам қонақ шақырылды.

Салтанатты шара басталар алдында залға Беларусьтің мемлекеттік туы мен президент штандарты әкелінді. Арнайы салтанатты марш аясында Конституция жеткізілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко президент сайлауының заңды өткенін жариялап, Лукашенконың жеңісін растады.

Александр Лукашенко Конституцияға қолын қойып, ант берді. Одан кейін мемлекеттік гимн орындалып, Лукашенко президенттік қызметке ресми түрде кірісті. Ол тиісті актіге қол қойып, Орталық сайлау комиссиясы төрағасынан президент куәлігін алды.

Беларусьтегі президент сайлауы 26 қаңтарда өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Александр Лукашенко 86,82% дауыс жинап, 5,1 миллионнан астам сайлаушының қолдауына ие болды. Сайлаудың қорытынды нәтижелері 3 ақпанда ресми түрде бекітілді.