Алматы облысында өзен арнасынан асып, аулаларды су басты
Су тасқынына заңсыз құрылыс себеп болды

Алматы облысының Талғар ауданында өзен арнасынан асып, аулалар мен медицина орталығын су басты. Бұған негізгі себеп – өзен арнасының заңсыз тарылуы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖД мәліметінше, 25 наурыз күні Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында нөсер жауын салдарынан Көтірбұлақ өзені арнасынан асып, жеті ауланы және медициналық орталықты су басқан.
«Алдын ала деректер бойынша, су тасқынының негізгі себебі – тұрғындардың өзен жағасына рұқсатсыз қоршаулар мен күркелер орнатуы. Бұл өзеннің табиғи ағынын шектеп, су деңгейінің көтерілуіне әкелген», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Талғар ауданы ТЖ бөлімі мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірге су тасқынының салдарын жою және болашақта қайталануын болдырмау үшін арық жүйесін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жұмысқа 15 қызметкер, 5 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылды. Қазіргі таңда су ағыны тоқтатылды, өзен арнасының табиғи өткізу қабілетін қалпына келтіру және заңсыз құрылыстарды анықтау жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.