Павлодарда ер адам әйелін пышақтады деген күдікке ілінді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол масаң күйде болған

Фото: © istockphoto.com

Павлодарда ер адам өз әйеліне пышақ жарақатын салды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған қажетті шараларды жүргізіп жатыр.

Күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол масаң күйде болғандықтан, Уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталығына орналастырылған.

Әйелдің ішіне және қолына пышақ жарақаты тиген. Күйеуі үйде мас күйде болғандықтан, әйел тігілген жараларымен көшеде тұрған, үйге кіруге қорыққан. Сонымен қатар бұл отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алғашқы жағдайы емес екені белгілі болды. Өткен айда да әйелінің аяғына пышақ тигендіктен, оны тігуге тура келген.