$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2020, 01:27
Жаңалықтар

ШҚО әкімі үйлену тойларына рұқсат беру мәселесін қарап жатыр

Даниал Ахметов тиісті органдарға осы мәселеге қатысты ұсыныс әзірлеу үшін бір апта уақыт берген

ШҚО әкімі үйлену тойларына рұқсат беру мәселесін қарап жатыр
Сурет әкімнің жеке парақшасынан алынған

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақ тұрғындарына хабарландыру жасады. Оның айтуынша, 3 маусымнан бастап аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға қарай, карантин жеңілдей бастайды.

1 маусым күні облыстағы жедел штаб елдегі және облыстағы жағдайды ескере отырып, карантин режимін жеңілдететін келесі кезеңге рұқсат берген.

«Төтенше жағдай енгізілген алғашқы күннен бастап біз үшін шектеу шаралары мен экономикамыздың және азаматтардың әл-ауқатын арасындағы балансты сақтау маңызды болды. Сондықтан кезең-кезеңімен барлық шектеулерді толық алып тастау және әдеттегі өмірге оралу бағытында жұмысты жалғастырамыз. Облыс бойынша карантин режимі 13-маусымға дейін қалады. Бірақ 3-маусымнан бастап, Семейден өзге барлық аудандар мен қалаларда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік міндеттерін сақтай отырып, түнгі клубтар мен кальян тарту орындарынан басқа кәсіпкерлік және өзге де қызметтің барлық түрлері жұмысын қайта бастайды», - деп жазған облыс әкімі өзінің жеке парақшасына.

Бұдан өзге, Даниал Ахметов атап өткендей, «кинотеатрлар мен театрлар 50% сыйымдылықпен жұмысын бастайды».

«Осындай талаппен қоғамдық тамақтану нысандары да жұмыс істейді. Алайда үлкен іс-шаралар өткізуге болмайды. Осы ретте айта кетейін, сіздерден үйлену тойлары мен ас өткізу туралы өтініштер көп түсуде. Мен бір апта ішінде ұсыным жинақтауға тапсырма бердім. Кәсіпкерлер мен санитарлық қызметтер бірлесе отырып, отбасылық салтанат және еске алу шаралары кезінде азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға кепілдік беретін жұмыс алгоритмін әзірлеуі тиіс», - дейді Ахметов.

Сондай-ақ, 6 маусымнан бастап Семейде ойын-сауын орталықтары ашылатыны белгілі болды.

«Ал, 6 маусымнан бастап, Семей қаласында түнгі клубтарды, кальян тарту орындарын қоспағанда, кәсіпкерлік және басқа да қызметтің барлық түрлерін ашу туралы шешім қабылдадық. 2000 шаршы метрден аспайтын ірі сауда нысандары мен ойын-сауық орталықтары іске кіріседі», - дейді облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары