Бүгін түнде ел бойынша барлық блок-бекеттер алынды
Қазақстанда қалалар арасындағы блок-бекеттер қайтып орнатылуы мүмкін. Ол елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Дегенмен, көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәудақас Байғабылов блок-бекеттер «өз міндетін мүлтіксіз атқарғанын» айтады.
«Екі түрлі пікір бар. Біреулер ауру қатты тарап кетпесін деп блок-бекеттің әлі тұра тұрғанын дұрыс көрді. Ал басқалар туыстарына, жұмысқа жетеміз деп блок-бекеттердің алынып тастағанына қуанды. Бірақ мұнда маңыздысы – карантиндік шектеулердің сақталуы. Блок-бекеттер белгілі бір уақытта инфекцияға тосқауыл болды. Енді уақыт, жағдай өзгеріп жатыр. Жаңа кезеңге өттік. Блок-бекеттер өз миссиясын атқарды. Алайда, жағдай қатты күрделеніп кетсе, олар қайтып қойылады. Жекелеген өңірлерде, облыстардың ішінде әлі де тұр», - деді Сәудақас Байғабылов ДСМ-дағы брифингте.
Оқи отырыңыз: 00.00: Қазақстан бойынша блок-бекеттер шешілді
Санитарлық дәрігер тұрғындар тәртіпке бағынса ғана блок-бекеттер қайтып орнатылмайтынын ескертеді.
«Блок-бекеттердің қайтып орнатылмауы тұрғындардың карантиндік тәртіпті сақтауына байланысты. Егер олар тәртіп сақтамаса, ахуал қиындап кетеді де, баяғы жағдайға қайта ораламыз. Халық блок-бекеттің шешілуі бәрі дұрыс дегенді білдірмейтінінін түсінуі керек. Біз ел жұмысқа барсын, бизнесін жалғастырсын деп түсіністік танытып отырмыз», - деп толықтырды ол сөзін.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан