Қарағанды облысында шенеуніктер жарты млрд теңгеге жуық ақша ұрлады деген күдікке ілінді

Автор: Асыл Арман

Күдіктілер оған Алматы қаласынан жеке үй мен «BMW X6» автокөлігін сатып алған

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында «Еңбек» РММ филиалының бұрынғы басшыларына аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Оларға қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2021-2023 жылдары РММ және оның аймақтық филиалы «бір көзден сатып алу» әдісімен киім және аяқ киім өндірісіне арналған былғары және трикотаж шикізатын жеткізуге 23 келісімшарт жасаған. Алайда, тауарлар жеткізілмеген, ал 449 млн теңге бюджет қаражаты ұрланған.

«Қылмыстық кірісті заңдастыру мақсатында күдіктілер заңмен белгіленген ақшаны қолма-қол айналдыру шегін айналып өтіп, кәсіби ақша жылыстатушының қызметін пайдаланған. Ол ақшаны бөліп, өзінің бақылауындағы 4 жеке кәсіпкердің атынан киім және аяқ киім тігуге арналған тауар жеткізу туралы жалған келісімдер жасаған.

Аталған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 122 млн теңге қаражат қолма қол ақшаға айналған.

Қылмыстық табыстарға Алматы қаласынан жеке үй мен «BMW X6» автокөлігі сатып алынған, оларды ықтимал тәркілеуден жасыру үшін сенімді тұлғаларға ресімдеген. Аталған мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды.

Күдіктілер 2 айға қамауға алынды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды», - делінген ҚМА хабарламасында.